Жасуша ядросы
ок / From Wikipedia, the free encyclopedia
Ядро (лат. nucleus, гр. κάρυον) — хромосомалары бар жасушаның негізгі органоиды. Диаметрі — 3-10 мкм.
Интерфазалық жасуша ядросы хроматин дәншелерінен (хромосомалардың микроскоппен көрінетін бөліктері), ядрошықтан, кариоплазмадан (ядро сөлі) және кариолеммадан (нуклеолемма) тұрады. Сыртқы және ішкі жарғақтардан құралған кариолеммада цитоплазмамен қатысатын диаметрі 80-90 нм тесіктер болады.[1] Сыртқы жарғақша эндоплазмалық тор өзекшелерімен қосылып, өзекшелердің біртұтас жүйесін түзеді.
Жасушалық құрылысы бар тірі ағзалардың барлығы ядросыздар (прокариоттар) және ядролылар (эукариоттар) болып екі топқа бөлінеді. Ядросыздарда сақиналы ДНҚ-ның тек бір молекуласы ғана болады және ол тікелей цитоплазмада жатады.
Жоғары сатыдағы көптеген өсімдіктер, жануарлар мен саңырауқұлақтардың жасушаларында бір ядро бар. Қарапайымдар мен төменгі сатыдағы өсімдіктердің бірнеше ядросы болады.
Ядро ағзадағы ақуыздық алмасуды реттеу арқылы тұқым қуалаушылық қасиеттерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.[1] Ядрода РНҚ-ның барлық түрлері синтезделеді; ДНҚ екі еселенеді және рибосома бөліктері пайда болады.