Зәйдилік
From Wikipedia, the free encyclopedia
Зәйдилік (араб.: زيدية) — шииттердің қазіргі кездегі тармақтарының бірі. Имамия шиғасының төртінші имамы Әли ибн әл-Хусәйн Зәйн әл-Абидиннің ұлы Зәйдке (80—122/699—740), одан кейін ұлы Йахйаға (125/743) бағынып олардың имамдығын қабылдағандардың мазһабы болып табылады. Шиға мазһабтарының ішінде Әһл әс-Суннаға ең жақыны — зәйділік. Осы тұрғыдан зәйдилікті шиғадан деп санамайтын зерттеушілер де бар. Білімді,мәдениетті әрі тақуа кісі болған имам 3әйдтің атымен «зәйдия» деп аталған. Умәйялықтар кезінде қиын күндерді басынан кешірген Зәйд Умәйя мемлекетінің басшысы Һишам ибн Абдул-Маликпен сөйлескеннен соң қарсы шешім қабылдаған. Куфаға келіп, көтеріліс жоспарын жасаған бауыры Әбу Джафар оған куфалықтарға сенбеу керектігін айтса да, оны тыңдамай, өзіне сеніп, ант берген он бес мыңдай куфалықпен бірге умәйялықтардың Куфа әкімі Юсуф ибн Омар әс-Сақафиге қарсы көтеріліске шығады. Куфа әскері мен Зәйд әскері арасында соғыс жүріп жатқан кезде, халифа Һишамның тыңшылары оның әскерлері арасында келіспеушілік туғызатын үгіттер жүргізген. Имам Зәйдке «Әбу Бәкр мен Омар туралы өз көзқарасыңды айт, әйтпесе саған көмек бермейміз» деген. Имам Зәйд: «Бұл екеуі туралы жаксылыктан басқа ештеңе айта алмаймын, әкемнің де бұлар туралы тек жақсы нәрсе айтқанын естігенмін. Мен Мединеге шабуыл жасаған Умейя хандығына қарсы көтеріліске шықтым», — дейді. Бұл жауаптан кейін адамдар одан кетеді. Оның қасында аз ғана адам қалады, бірақ олар өлгенше соғысады. Зәйд осы соғыста өлтірілген еді. Кейіннен аман қалған Зәйдтің жақтастарының өз араларында келіспеушіліктер туындап, жарудия,суләймания және бетрия деген топтарға бөлінген.