Ислам философиясы
From Wikipedia, the free encyclopedia
Ислам философиясы — исламдық дәстүр аясында қалыптасқан философиялық ілімдер жиынтығы. Ислам философиясын орта ғасырларда негізінен ислам дінін қабылдаған және араб тілін (сирек кездері парсы тілін) пайдаланған Шығыс халықтарының ойшылдары өндірді, сондықтан философтар мен философия тарихшылары «араб философиясы»,[1] «мұсылман философиясы»,[2] «араб-мұсылман философиясы»[3] және т.б. терминдерді де пайдаланады. Кейінірек мұсылман елдерінің мемлекеттік тілдерінде (түрік, урду және т.б.) философиялық еңбектер көптеп жазыла бастайды. Қазіргі ислам философтары ағылшын тілінде де жазады, өйткені олардың еңбектері негізінен араб елдерінің, Пәкістанның ағылшын тілін жақсы білетін элитасына, сондай-ақ Батыс елдеріндегі мұсылман диаспораларына бағытталған.
Исламның алтын ғасырымен тұстас келетін ерте ислам философиясы әл-Киндиден (IX ғасыр басы) басталып, ибн Рұшдпен (XII ғасыр аяғы) аяқталады. Ибн Рұшдтың өлімімен ислам философиясының перепатетикалық немесе мәшшаилік мектебі деп аталған ерекше пәні тоқырап, Андалусия сияқты Батыс мұсылман елдерінде және Солтүстік Африкада философиялық белсенділік біршама азайды.
Ислам философиясы Шығыс мұсылман елдерінде айтарлықтай ұзақ сақталып, әсіресе Сефевилік Персияда, Осман империясында және Ұлы моғол империясында бірнеше философиялық мектеп өркендеді, атап айтқанда: авиценнизм (синауия), аверроизм (рұшдия), ишрақия, трансценденттік теософия (мұтағали хикмет), сопылық философия, исфаһандық философия. Ибн Халдун өзінің «Мұқаддима» деген еңбегінде тарих философиясына маңызды үлес қосты. XIX ғасыр аяғы — XX ғасыр басындағы Нәһда («Ояныс») қозғалысы кезінде ислам философиясына қызығушылық қайта жанданып, содан әліге дейін сақталып келеді.
Ислам философиясы христиандық Еуропаға үлкен әсерін тигізген. Арабша философиялық мәтіндердің латын тіліне аударылуы «ортағасырлық латын әлеміндегі барша дерлік философиялық пәннің трансформациясына әкеліп», мұсылман философтарының ықпалы әсіресе табиғат философиясында, психологияда, метафизикада қатты білінді.[4]