Төңкеріс (қоғам)
From Wikipedia, the free encyclopedia
Төңкеріс немесе Революция [1] (лат. revolutіc – бетбұрыс, төңкеріс) — табиғат, қоғам өміріндегі, білім мен танымдағы сапалы өзгерістер. Білім мен танымдағы өзгерістер қатарына ғылыми - техникалық , мәдени, т.б. Төңкерістерді немесе бетбұрыстық мәні бар адамзат қол жеткізген табыстарды жатқызуға болады. Әлеуметтік Төңкеріс қоғамның жаңа сапаға ауысуына жол ашып, сапалы өзгерістерді бейнелейді. Әлеуметтік Төңкеріс қоғамның саяси, экономикалық, рухани өміріне түбірлі өзгерістер енгізу үрдісін бастап береді. Төңкеріс өзінің даму мүмкіндіктерін сарқыған қоғамның прогрессивті сатыға өтуін қамтамасыз етіп, оның әлеуметтік экономикалық құрылымын түбегейлі өзгертуге қызмет етеді.
Адамзат тарихын қоғамдық экономикалық формациялардың бірін-бірі алмастыру тұрғысынан зерттеушілер осы алмасу үрдісін жүзеге асыру әлеуметтік Төңкерістіның басты міндеті деп санайды. Осы қағиданы басшылыққа алған Карл Маркс және оның жолын қуушылар (Ленин, т.б.) өндіріс құрал-жабдықтарына жеке меншіктің пайда болуымен қатар қоғамның бір-біріне қарсы топтарға бөлінуінен бастап социализмге өткенге дейін бір қоғамдық экономикалық формациядан екіншісіне (феодализмнен капитализмге, одан социализмге) өту әлеуметтік Төңкеріс арқылы жүзеге асады деп санады. Владимир Ленин басқарған коммунистік партия айтылған қағиданы Ресей империясының қоғамдық-саяси өмірінің шындығына айналдыру үшін 1917 ж. Қазан төңкерісін ұйымдастырып, оны “Ұлы Октябрь социалистік төңкерісі” деп атады.
Кез келген төңкерісіның экономикалық негізі қоғамдық өндіргіш күштердің өсу деңгейі мен оған сай келмейтін консервативтік өндірістік қатынастардың шиеленісуі болып табылады. Ал ол әлеуметтік, таптық қайшылықтарды шырқау шегіне жеткізеді. Мұндай жағдайда әлеуметтік және рухани қиыншылықтарға душар болған жекелеген таптар мен әлеуметтік топтар Төңкерісіның қозғаушы күштері ретінде батыл әрекеттерге барады. Төңкеріс жеңіске жету үшін алдымен оның объективті және субъективті алғышарттары қалыптасып, қоғамда Төңкерістік жағдай пайда болуы қажет.
Бұған Төңкерістік жағдайды Төңкеріске айналдыру үшін саяси партиялар мен ұйымдардың белсенді іс-әрекеттері қосылуы керек. Егер осы факторлар қоғам мүшелерінің басым көпшілігінің басты мақсат-мүдделеріне сай келсе, Төңкеріс жеңіске жетеді. 17 ғ-дағы ағылшын буржуазиялық Революциясының жеңісі нәтижесінде мемлекеттік билік феодалдық монархияның қолынан буржуазия мен жаңа дворяндар қолына көшті. 18 ғ-дың соңындағы Ұлы француз Революциясының нәтижесінде монархия құлатылып, республикалық тәртіп орнап, буржуазиялық реформалар жүзеге асырылды. Тарихи қажеттіліктен туындаған Революция көп жағдайда ашық түрде өтетіндігіне қарамастан, ол әрбір елдің өзіне тән ерекшеліктеріне байланысты әр түрлі формада болады.