Шекті
Кіші Жүз руы (Әлімұлы) / From Wikipedia, the free encyclopedia
Шекті — Алшын тайпасынан тарайтын ру. Шежіре деректері бойынша, Алшын тайпасының Әлімұлы рулар бірлестігіне кіреді. Шекті руының бастаушысы Жаманақ атты адам болып саналады. Қазақстанда шектілер "Сыр шектілері" және "Қыр шектілері" болып географиялық орналасуына қарай бөлінеді.
В.Востровтың айтуынша шекті Айт (ру), Бұжыр, Орманбай, Жақайым, Ожырай, Байкөбек, жанқылыш, Өріс (ру) деген сегіз руға бөлінеді. Кезінде Мұхаметжан Тынышбаев келтірген шежіреде шектінің Өріс, Баубек, Жақайым деген үш тармағы ғана аталған. “Қырғыздардың (қазақтардың) жер пайдалануы жөніндегі материалда“ аталатын еңбекте сегіз тармаққа жекей мен шірен қосып көрсетілген. Олар шындығына келгенде бұжырдан тарайтын келесі буынға жатады. Шектінің 12 түрлі таңбасы бар. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл шекті құрамына Ұлы жүз, Орта жүз руларынан аталар қосылғандығын байқатады. Таңба белгілерді салыстырғанда, олардың айырмашылықтары бір-бірінен аса алшақ емес. С.Аманжолов, Тынышбаев зерттеулеріне қарағанда, шекті құрамына найманның, қаракесектің (арғын) аталары қосылған. Бірқатар таңбалар албанның, дулаттың таңбаларына ұқсас. Мұның себебін этнологтар, шектіде албанның айт, алашта (Кіші жүз) албанның қоңырбөрік тармағының болуынан деп пайымдайды. Алаш руы алғашқыда Батыс Түрік қағандығы тұсында аталынады. Кейіннен қағандық Кавказға дейін жорық жасаған кезде, “он оқ“ тайпасының біраз бөлігі Қазақстанның батыс өңірінде қалып, шекті, алаш сынды рулық бірлестіктер қалыптасса керек. Кейіннен олар Орта жүз рулары есебінен толығуы мүмкін. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында шектіге кіретін рулар Орал, Торғай облыстарын, Сырдария облысының Қазалы, Перовск уездерін, Арал теңізінің батысынан Хиуа хандығына дейінгі аралықта мекендеп, мал және егін шаруашылықтарымен айналысқан.[1]