Құрлық
гешнтрое / From Wikipedia, the free encyclopedia
Құрлық, материк, континент — жер қабығының дүниежүзілік мұхит деңгейінен көтеріңкі ірі бөлігі. Оның шеткі аймақтары мұхит деңгейінен төменде жатыр (қ. Құрлықтық беткей). Құрлықтың жалпы аумағы 149,1 млн. км² немесе жалпы жер шарының 29,2%-ын алады. Солтүстік жарты шардың 39%-ын, оңтүстік жарты шардың 19%-ын құрайды. Қазіргі геологиялық дәуірде ол 6 континенттен — Аустралия, Антарктида, Африка, Еуразия, Оңтүстік Америка және Солтүстік Америкадан тұрады. Құрлықтың 36%-ы таулы, 64%-ы жазық. Құрлық астындағы жер қабығының қалыңдығы 25-тен 75 км-ге дейін жетеді. Ішкі континенттік және шеткі континенттік құрылымдардан тұрады. Біріншісіне көне және жас платформаларда дамыған жазық өңірлер және геосинклиналдық қатпарлы облыстарда пайда болған таулы құрылымдар жатады. Екінші типтік құрылымдарға континенттердің су астындағы тегістелген жалғасы (қайраң, беткей), пассивті жиегі (атланттық) және кезектесе орналасқан қайраңдық, беткей, терең қазаншұңқырлар, шұңғымалар, мұхиттың қарқынды дамыған арал доғаларының (Тынық мұхиттың) шеткі аймақтары жатады. Құрлықтар ұзақ уақытты қамтитын эволюциялық дамудың нәтижесінде пайда болған гетерогенді дене саналады, ол фиксизм теориясы бойынша геосинклиналдардың дамуы барысында ертедегі ядролардың бірігіп ұлғаюы нәтижесінде пайда болған. Мобилизм теориясы бойынша, қазіргі құрлықтар бір уақыттарда бүтін болған Пангея континенті бөлшектеніп, алдымен Лавразияға және Гондванаға бөлінген. Құрлықтардың нобайы мұхиттардың ашылуынан және литосфералық плиталардың соқтығысуынан өзгеріп отырған.