Үлкен Виктория шөлі
From Wikipedia, the free encyclopedia
Үлкен Виктория шөлі (Great Vіctorіa Desert) — Австралияның оңтүстікндегі ауқымды құмды алқап. Солтүстігінде Гибсон шөліне, оңтүстігінде Налларбор құмды-қиыршықты малтатасты жазығына ұласады. Стюарт жотасынан Тұзды көлдер жазығына дейін шығыстан батысқа қарай 1200 км-ге созылады. Ені 400 — 550 км. Ауданы 350 мың км², орташа биіктігі 150 — 300 м. Жер бедері негізінен құмды қырқалардан тұрады. Олар басым желдердің бағытына сәйкес батыс, солтүстік-батыстан шығыс, оңтүстік-шығысқа қарай созыла орналасқан. Арагідік үстірт жұрнақтары мен тұзды көл ойыстары кездеседі. Үлкен Виктория шөлі Оңтүстік жарты шардағы пассаттар жүйесінің жоғ. қысымды белдемінде орналасқан. Жылдық жауын-шашынның орташа мөлш. 125 — 250 мм. Температураның жылдық және тәуліктік ауытқуы үлкен (қыста тәуліктік ауытқу 35 — 40 С-қа жетеді). Шілденің орташа температурасы 12 — 18 С. Қыста оңтүстіктен суық ауа массасының өтуіне байланысты күрт суытып, үсік түсетін кездері де болады. Жазы ыстық, қаңтардың орташа температурасы 25 — 30 С, абс. максимум 50 С-қа жетеді. Қырқаларда қатқыл, тікенекті спинифекс шөбі өседі. Қырқа аралық ойыстарды скрэб тоғайлары алып жатыр. Шөлді тұңғыш рет 1875 ж. ағылшын ғалымы Э.Джайс зерттеген. Үлкен Виктория шөлінде осы аттас ұлттық саябақ құрылған.