Ағартушы классицизм
From Wikipedia, the free encyclopedia
XVIII ғасырда, уақыт революцияға жақындаған сайын, француз ағартушыларының халыққа айтқан сөздері ынталана түсіп, соның арқасында театрдың рөлі де арта түсті.
XVIII ғасырда Францияның бірінші ұлы ағартушысы Франсуа Мари Вольтер (1694—1778) болды. Ағартушылыққа жауыздық пен діншілдікке қарсы бағыт әкелген Вольтер трагедиялары борыш пен сезім бірлігінің гуманистік идеясын уағыздады. Оның кейіпкерлері эмоционалды, қызуқанды және сахналық әрекеті де байырақ әрі динамикалық жағынан күштірек болды. Бұл ағартушылық эстетикасының бағыты классицизмнің ережелерін ұстанбауынан айқындалды. Вольтердің барлық жазған пьесаларынан өзіне үлкен табыс әкелгені "Заира" және "Мұхаммед" трагедиялары болды.
XVIII ғасыр ортасынан француз жљне еуропалық ағартушылықтың ірі өкілі Дени Дидро (1713—1784) болды. Дидро пьесалары театр репертуарына толық енбегенімен драматургиядағы жаңа бағыт — тоғышарлық драманың пайда болуына әкелді. Дегенмен де Дидроның театрға байланысты ең үлкен жұмысы 1773 жылы жазылған "Актер туралы порадокс" трактаты болды. Бұнда Дидро әр түрлі өмірлік типтерді сахнаға шығару үшін актерлік ойынның қандай болу керектігіне тоқталған. Бұл актерлік өнер туралы, ең толық әрі тұжырымдалған ағартушы реализмнің принциптері болды. Ал комедия саласында үлкен еңбек сіңіріп кеткен Пьер Бомаршенің ағартушы классицизм дәуіріндегі орны бөлек.
XVIII ғасырда Францияның ең басты театры "Комеди Франсез" болды. Актерлік өнер Анри Лyи Лекен (1729—1778), Ипполита Клерон (1723—1803) мен Мари Дюмениль (1713—1802) шығармашылығы арқылы дамыды. Актерлік өнерде жоғары азаматтық әдеп толыққанды мінездер жасау және тарихи шындыққа ден қою мақсатына ұласты. Театрдың прогресшіл қайраткері, әсіресе Франсуа Жозеф Тальма (1763—1826) Ұлы Француз революциясы кезінде классицизмге жаңа революциялық-қаһармандық үн қосты.