Баба (туыстық атау)
From Wikipedia, the free encyclopedia
Баба - баланың атасының атасы, яғни бабасы — жеті атасына қатысты туыстық атау.
Дәстүрлі ортада қолданылатын баба сөзі өзінің түпкі мағынасы - туыстық қатынасты білдіретін атау ауқымынан кеңейіп, туыс болмаса да, ақыл-парасатымен ел құрметіне бөленген, ақылшы болған, ұрпаққа жақсы үлгі-өнеге қалдырған үлкен жастағы данагөй қарияларды да баба деп атау дәстүрге айналған. Ондай жандарды бүкіл әулет, ұрпақ, ауыл-аймақ ардақ тұтады. Алыс сапарға аттанарда арнайы барып батасын алып, есен-сау оралған кездерде сәлем беріп, қошемет көрсетеді. Көп жасаған, көрген-түйгені мол қария адамдар - ел қазынасы. Оларды жазулы мұрағатына, сын сағаттарда жол көрсетіп, жөн сілтер ел серкесіне, ақыл-кеңес берер ақылгөйіне балап, елдің бірлігі мен қауым ішіндегі және қауымаралық қатынастардың ырғақты қызметін үйлестіруші, оның нормалары мен дәстүрлі қалыптарының бұзылмауына кепіл бере алатын «тұлға» ретінде санаған.
- «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең;
- Үй сыртында төбең болса, ерттеп қойған атпен тең»;
- «Бабалар сөзі - ақылдың көзі» деген тұрақты тіркестер қазақ қоғамында бабалардың әлеуметтік мәртебесінің жоғары бағаланғандығының бір айғағы іспеттес.
Жеті ата ішінде баладан санағанда 3-буын ата деп аталса, одан арғы буындардың әрқайсысы баба деп аталады. Сонымен бірге осы арғы буындардың жалпы атауы - ата-баба.
Дәстүрлі қазақ ортада өзінің арғы тегін кие тұту, яғни, бабалар аруағына тәу ету көшпелілердің наным-сенімдерінің ең басты ерекшелігі болды. Тіпті, баба желеп- жебеуші пір ретінде де сыйынудың обьектісі болды. Фольклорлық дәстүрде баба бірде ұлы аруақ, бірде пір образында әспеттелінді. Мысалы, Қыдыр баба, Баба Түкті Шашты Әзіз адамды қиындықта қолдаушы аруақ, әрі желеп-жебеуші пір деген сияқты.[1]