Дипломатия
From Wikipedia, the free encyclopedia
Дипломатия - (лат. duplicata- билеуші шығарған үкімнің түпнұсқасы мұрағатта сақталған көшірмесі немесе дубликаты) - үкімет органдары, оның шетелдердегі өкілдері мен сенімді тұлғалары жүзеге асыратын мемлекеттің сыртқы саяси міндеттерін іске асыру әрекеттері. Дипломатияны, көбіне, ресми қарым-қатынас жасау арқылы мемлекеттің сыртқы саяси мақсаттары мен мүдделерін іске асыратын мемлекеттік іс-әрекеттің ерекше түрі ретінде қарастырады. Дипломатия - сыртқы саясатты жүргізуге арналған аса маңызды құрал, үйлесімді құрамдас бөлік. Нақты айтқанда, дипломатия мемлекеттің сыртқы саяси және халықаралық қатынастарды жүзеге асырушы тәжірибелік тәсілдер, құралдар мен әдістерінің жиынтығы болып табылады. Бейбіт жағдайда бұл құрал аса жоғары мәнге ие болады және басқа да сыртқы саяси құралдардың көпшілігі оған бағынышты. Көптеген елдерде дипломатия мемлекеттердің бейбіт жағдайда бірлесіп, тыныш өмір сүруінің ғылымы немесе әдістемесі жайлы теориясы деп, мемлекеттер арасындағы достықты нығайтуға, әріптестікті орнатуға, олардың арасындағы қандай да бір қайшылықтарды бейбіт реттеудің саяси амалдары мен әдістері жөніндегі ғылым ретінде қарастырылады. Дипломатия тарихы, дипломатиялық құқық, дипломатиялық қызмет, дипломатиялық хаттама осы ғылымның салалары болып табылады. Кей жағдайларда дипломатияны келіссөздермен байланыстырады, яғни, дипломатия - халықаралық қатынастарды келіссөздер көмегі арқылы жүргізу; ол халықаралық қатынастарды елшілер мен өкілдер арқылы жүргізіп, реттеу әдісі немесе әртүрлі қайшылықты мүдделерді ыңғайлау тәсілі. Бұл тұрғыда дипломатия келісімнің көмегімен әрекет етеді. Жалпы қалыптасқан жағдай бойынша "дипломатия" ұғымын үш мағынада қолдану орын алған:
- Өз мемлекетінің атынан саясат және келіссөздер жүргізу ғылымы әрі өнері;
- Қандай да бір мемлекеттің өкілдігін, соның ішінде сыртқы істер мекемесін, әлде барлық сыртқы саяси агенттерін қамтитын күрделі ұғым;
- "Құпия дипломатия" "қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қанға" айналған дүниежүзілік соғыс дипломатының қызметі немесе кәсібі.
Дипломатияның құпиялылығы, жасырындығы о бастан-ақ оның ажырамас бөлігі болды. Жаңа заманда авторлар құпиялылық сияқты дипломатиялық әдістерге бұрынғыдай мән бермейтін қазіргі дипломатияның "құнсыздануы" жайлы айтуда. Қазіргі кезде "екіжақты дипломатия" және "көпжақты дипломатия" түрлері кеңінен таралған.
- Екіжақты дипломатия деп екі мемлекет арасындағы ресми қарым-қатынастар кешенін айтады.
- Көпжақты дипломатия - бірқатар мемлекеттер арасындағы ресми қатынастар кешені мен халықаралық конференция немесе ұйымдар шеңберінде дипломатиялық әдістер мен құралдар арқылы жүзеге асырылатын өзара іс-әрекет.