![cover image](https://wikiwandv2-19431.kxcdn.com/_next/image?url=https://upload.wikimedia.org/wikipedia/commons/thumb/9/90/IMG_9369-Kaindy.jpg/640px-IMG_9369-Kaindy.jpg&w=640&q=50)
Жатаған шырша
From Wikipedia, the free encyclopedia
Жатаған шырша, шренк шыршасы (Pіcea schrenkіana) — қарағай тұқымдасына жататын мәңгі жасыл, өте сирек кездесетін ағаш. Теңіз деңгейінен биіктігі 2800 — 3100 м, ұсақ тасты, жартасты тау беткейлерінде бірыңғай шыршалы кейде сібір самырсынымен аралас орман құрап өседі. Жатаған шырша 1842 жылы Жетісу (Жоңғар) Алатауында табылған. Биіктігі 150 — 250 см-ден 40 метрге дейін, жуандығы 2 метрге жетеді. Діңінің қабығы — қоңырқай сұрғылт түсті, қабыршақтанып оңай сылынады. Қылқаны (жапырақтары) 4 қырлы, үшкір, ұзындығы 2 — 3,5 см, ені 2,0 мм-дей, ұзарған өркенінің қабық төмпешіктеріне бір-бірден бекінеді. Жапырақтары түскенде төмпешіктері сақталып қалады. Бүрі сопақша, цилиндр пішінді, ұзындығы 8 — 10 см, жуандығы 2,5 — 4 см. Жеміс жапырақтары, көбінесе, бүрлерінде орналасады. Мамыр айында гүлдейді. Вегетативтік (өсімді) жолмен көбейеді. Тұқымы — майда, қоңырқай түсті, жұқа қанатшалы өсіндісі арқылы желмен таралады, тамыз — қыркүйекте піседі. Алғашқы 15 жылда баяу (жылына 5 — 25 см) содан кейін тез өседі. 250 — 300 жыл жасайды. Жатаған шырша сүрегінен бағалы музыкалық аспаптар жасалынады, құрылысқа пайдаланады. Жатаған шырша тау беткейіндегі топырақты шайылудан қорғайды. Жылдан жылға санының азаюына байланысты, қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
![Thumb image](http://upload.wikimedia.org/wikipedia/commons/thumb/9/90/IMG_9369-Kaindy.jpg/640px-IMG_9369-Kaindy.jpg)
![Thumb image](http://upload.wikimedia.org/wikipedia/commons/thumb/8/82/Karakol_Valley.jpg/640px-Karakol_Valley.jpg)
![Thumb image](http://upload.wikimedia.org/wikipedia/commons/thumb/a/aa/Picea_schrenkiana_forest.jpg/640px-Picea_schrenkiana_forest.jpg)