Жоңғар хандығы - Wikiwand
For faster navigation, this Iframe is preloading the Wikiwand page for Жоңғар хандығы.

Жоңғар хандығы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Жоңғар хандығы
ᠵᠡᠭᠦᠨ ᠭᠠᠷ ᠤᠨ ᠬᠠᠭᠠᠨᠲᠣ ᠣᠯᠣᠰ


 




Тіл(дер)і моңғолша, ойрат-қалмақша
Діні Буддизм (гелуг)
Басқару формасы монархия
Шамамен 1720-1725 жж. тұтқынға түскен швед әскерлерінің тарапынан құрастырылған Ұлы Петрдің картасында Ресейдің айналасындағы мемлекеттердің ішінде Жоңғар хандығы жасыл түспен бейнеленген.
Шамамен 1720-1725 жж. тұтқынға түскен швед әскерлерінің тарапынан құрастырылған Ұлы Петрдің картасында Ресейдің айналасындағы мемлекеттердің ішінде Жоңғар хандығы жасыл түспен бейнеленген.

Жоңғар Хандығы – Батыс Моңғолияда 17 ғасырдың 30-жылдарына қарай төрт ойрат тайпасының бірігуі негізінде құрылған мемлекет.

Ғылыми әдебиеттерде Жоңғар Хандығының негізін салған төрт тайпа – шорос, хошоут, дурвэд, хойттар аталады (торғауттар 1627 жылы батыстағы Еділ бойына қоныс аударған). Шыңғыс хан ұрпақтары құрған Юань империясы ыдыраған соң (1368 жылы) олар Батыс Моңғолияда қоныстанып қалған еді. Олармен туысқан тайпалардың бір бөлігі халхалар Шығыс Моңғолияда тұратын. Қытайға апаратын сауда жолдарын иемдену құқығы үшін Шығыс Моңғолия мен Батыс Моңғолияда тұратын ойраттар арасында бірнеше дүркін қанды соғыстар болған. 15 ғасырдың 1-жартысында ойраттардың басшылары Тогон (1418 – 40) және Эсен (1440 – 50) шығыс пен батыстағы ойрат тайпаларын бір мемлекетке қосқан. Бірақ ішкі және сыртқы жағдайларға байланысты біріккен мемлекет ұзақ өмір сүрген жоқ. Олар Қытайға апаратын сауда жолынан айырылып қалды.

Моғолстан мен Қазақ хандығына жасаған жорықтары

Моғолстан мен Қазақ хандығына жасаған жорықтары да сәтсіз аяқталды. Тәуекел хан кезінде дурвэд және торғаут тайпалары Қазақ хандығына бағынған (қысқаша Жоңғар шапқыншылығы). XVII ғасырдың 20-жылдары хошаут байбағыс пен шорос тайпасының тайшысы (тайджи) Хара-хула ойрат мемлекетін қайтадан құруға әрекеттер жасады. Ақырында Хара-хуланың баласы Батыр қонтайшы біртұтас ойрат мемлекетін құрады (1635). Мемлекет аты тарихи әдебиеттерде, көбінесе, Жоңғар Хандығы деп аталады. Тогон мен Эсен хандар кезінен бастап түркі тіліндегі әдебиеттерде және қазақтар арасында ойраттар – қалмақ деп аталып кетті.

Батыр қонтайшы кезіндегі хандық

Батыр қонтайшы кезінде (1635 – 53) хандықта қалалар сипатындағы отырықшы елді мекендер салына бастады, жер игеру біршама ілгеріледі. Осыған қарамай Жоңғар Хандығы көшпелі мемлекет ретінде тарихта қалды. 1640 жылы Тарбағатай тауларының етегінде біріккен моңғол, қалмақ және ойрат тайпалары басшылары моңғол – ойрат заңдарын қабылдайды. Жинақ “Цааджин бичиг” деп аталды. Онда моңғол-ойрат тайпаларының ішкі тіршілігі, мемлекет құрылымы, әскери қызмет атқару тәртібі, діни ұстанымдары белгіленген. Батыр қонтайшыдан кейін билік басында болған қонтайшылар Сенге (1653 – 1671), Қалдан Бошақты (1671 – 1697), Севан Рабдан (1697 – 1727), Қалдан Серен (1727 – 1745) Батырдың саясатын одан әрі жалғастырды. Олар хандықтың ішінде егін шаруашылығы мен ұсақ кәсіпшіліктер, сауда қатынастарының дамуына едәуір ықпал жасады. Қол өнері мен кәсіпшілік дамыды. Оларда соғыста қолға түскен тұтқындар да жұмыс істеді. Саудаға Шығыс түркістандықтар белсене қатысты. 18 ғасырларға қарай Жоңғар Хандығындағы адам саны 1 млн-ға жетті, басқа ұлттарды қосқанда мемлекеттегі халық саны 1,5 млн-ға жуық еді.

Билеушілер

Жоңғар Хандығында билеушілердің сатылы бағыныштылық тәртібі орнатылды, билеушілер тобына ұлы тайшылар, кіші тайшылар, зайсандар және жоғары ламалар кірген. Кіші тайшылар ұлы тайшылардың вассалдары болып есептелді. Ұлы тайшылар және кіші тайшылар көшпелі тайпалардың мал жайылымдарын, жоғары ламалар ғибадатханаларға тиесілі жерлерді иеленді. Зайсандар кіші тайшыларға бағынды. Ал төменгі әлеуметтік топтар араттар (қарапайым шаруалар) деп аталып, екіге бөлінді: албату –билеушілерге және шабинарлар – діндарларға тәуелділер. Олар өз иелеріне басыбайлы бекітіліп берілді. Албату Жоңғар Хандығы әскерінің негізін құрады, ал шабинарлар әскери қызметтен босатылды. Хандықта құлдар да болды, бірақ олардың қоғамда рөлі болмады. Хандықтағы жоғары билікті хандар жүргізді, хан тағына тек шорос тайпасынан шыққандар отырды. Хан лауазымы қонтайшы деп аталды.

Тайпалар

Жоңғар Хандығын құрған негізгі тайпалардан – ұлы тайшылар шықты, кейін қосылған тайпалардың билеушілері – кіші тайшылар болды. Кіші тайшылар билік жүргізген топтар – анги деп аталды. Ең шағын әлеуметтік бірлестік – хотон деп аталып, оның құрамында 4, 10, 50 жанұя болды. Бірнеше хотон аймақты немесе отоқты (шіркеу иелігінде иасы деп аталған) құрады. Әкімшілік басқару жүйесінде мемлекет аппарат маңызды рөл атқарды. Шенеуніктер 12 дәрежеге бөлініп, әрқайсысының атқаратын қызметі анықталды. Ұсақ қызметтерді атқарушылар да көп болды: 30 адамға бір басқарушыдан келді. Олардың жалпы саны 35 мыңға жеткен. Сот билігін атқарушылар зорго (сот өкілдері) деп аталып, ең беделді 8 зорго министрлер қызметін атқарды.

Жоңғар Хандығынның талқандалуы

Әскерді басқаруда бұрынғы Шыңғыс хан империясында қалыптасқан жүйе сақталып, өте қатаң тәртіп енгізілді. Сыртқы саясатта Шығыс Моңғолия тайпаларымен және Цин империясымен әр кез соғыстар жүргізіп отырды. Бұл саясат хандық жойылғанға дейін тоқталған жоқ. Ресей мен Жоңғар Хандығының арасында өзара елшілік қарым-қатынас орнады. Жоңғарлардың Кузнецк уезінен қару-жарақтар сатып алып тұрғаны туралы деректер бар. Жоңғар Хандығының Ресей империясына бодан болу туралы ұсыныс жасаған кезі де болған. Ресейден Жоңғар Хандығына тұтқынға түскендер онда маңызды рөл атқарған. Тұтқынға түскен швед офицері Ренат 18 ғасырдың 1-ширегінде Жоңғар Хандығының қарулы күштерін жарақтандыруға елеулі үлес қосқан. Жоңғар Хандығы Шығыс Түркістан халықтарына басқыншылық жорықтар жасап, оларға билік жүргізді. Басқа да тәуелді халықтарға қатаң тәртіп орнатты. Жоңғар Хандығы мен Қазақ хандығының арақатынасы өте шиеленісті болды. 16 ғасырдың 30-жылдарынан бастап Жоңғар Хандығы Қазақ мемлекетіне қарсы басқыншылық саясат ұстанды. Қазақ халқы ойрат-жоңғар шапқыншылығына қарсы екі жүз жылға жуық уақыт бойы ерлікпен күрес жүргізді (қ. Жоңғар шапқыншылығы). Қалдан Серен қайтыс болғаннан кейін Жоңғар Хандығында тақ үшін талас-тартыс басталды. Осы жағдайды пайдаланған Цин империясы 1755, 1756, 1757 жылдары бірнеше дүркін шабуылдар жасап, Жоңғар Хандығын талқандады. Цин империясы басқыншыларына қарсы Әмірсана бастаған көтеріліс жеңіліске ұшырады. Цин әскерлері көтерілісшілерді аяусыз басып-жаншыды. Жоңғарлар қатты қырғынға ұшырап, нәтижесінде Жоңғар Хандығы жойылып кетті.[1]

Дереккөздер

  1. Қазақ энциклопедиясы, 4 том;

Сыртқы сілтемелер

Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Dzungar Khanate
{{bottomLinkPreText}} {{bottomLinkText}}
Жоңғар хандығы
Listen to this article