Зергерлік өнер
From Wikipedia, the free encyclopedia
Зергерлік өнер – сән өнерінің және қолөнердің ежелгі түрлерінің бірі. Металды асыл немесе жартылай асыл тастармен әшекейлеуге негізделген. Зергерлік өнерге әсемдік бұйымдар мен ыдыс-аяқ жасау, қару-жарақ пен ат әбзелдерін әшекейлеу де жатады. Зергерлік өнерде шыңдау, құйма, тегістеу, біліктеу, көркем шекіме, канфаренье (өтпейтін бізбен шекіме жасау арқылы металдың үстіне бүршіктік және күңгірт әсер беру), бастырма, оймыштау, нақыштау, оброн (сурет айналасын ойып тастау техникасы), сымкәптау (филигрань), бүршік, қарала, тыныке (финифть), инкрустация, қырнау, жылтырату және т.б. тәсілдер қолданылады.
Қазақтың зергерлік өнері - тамырын тереңнен алатын дәстүрлі мәдениеттің көрікті және көрнекті саласы. Зергер болу киелі де қасиетті өнер саналған. Оған ең алдымен табиғаттан дарыған тума талант керек. Екіншіден, ол - атадан балаға немесе ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын тылсым сыры бар, халықтың дәстүрлі дүниетанымымен, тарихи болмыс-бітімімен, салт-дәстүрімен байып отыратын қастерлі кәсіп. Дәстүрлі зергерлік өнерде шеберлер әр түрлі құрал-саймандарды өздері жасап пайдаланған. Оларға мыналар жатады: көрік, қышқаш, төс, сым тартқыш. Зергерлердің аса көп жасайтыны - әйелдердің әшекей бұйымдары. Қазақ әйелдері кеуделеріне алқа, құлақтарына сырға, шаштарына шолпы, білектеріне білезік, саусақтарына жүзік таққан. Бір-біріне үзбелеп бекітілген үлкенді-кішілі өрнекті алқалардан құралатын салмақты да салтанатты өңіржиектер аса көзтартарлық әсем болады. Қатар-қатар тізбектелген тастар қондырылып жасалған тамақ алқа асыл матамен әдіптеледі. Ал інжу-маржан қадалған тамақшалар - қыздар жиі тағатын бұйымдар. Кеудеге тағылатын әшекейлер қатарына түрлі-түсті, сәнді түйреуіштерді, асыл тасты тұмарларды, небір қымбат тастармен безендірілген таналар мен күмістен соғылған түймелерді, ілгешектерді жатқызуға болады.