Лышан алып Буддасы
From Wikipedia, the free encyclopedia
Лышан алып буддасы (ағылшынша: Leshan Giant Buddha, қытайша: Lèshān Dàfó}}) — Қытай Халық Республикасының Сычуан өлкесінің Лышан қаласына қарасты Ымишан тауының шығыс баурайында, Минжяң, Дадухы және Чиң-ижяң сынды үш өзеннің құйғанына қасқая қарап тұрған, Линйүншан тауының тау жолын сағалай таудан шауып, тастан қашап жасалған айбынды мүсін. Ол мыңдаған жылдардың жауын-шашынын бастан кешірсе де, күні бүгінге дейін буырқанып аққан Минжяң өзені жағасында бәз-баяғысынша мызғымай тұр. Ол әлемдегі ең үлкен Будда мүсіні есептеледі.[1]
Бетін батысқа беріп отырған, әлпеті салауатты, тұтас биіктігі 71 м келген осынау Бұдда, Таң дәуіріндегі құз жартастан ойылған мүсіндер ішіндегі өнер туындыларының бірегейі, Майтрея бұдданың дүние жүзіндегі тастан бәдізделген, отырған бейнедегі ең алып бұрханы.
Алып бұдданың бас тұрқы 14,7 м, бетінің ені 10 м, иық кеңдігі 24 м, құлақ тұрқы 7 м, құлақ саңлауына екі адам тік тұрып сиып кете алатындай. Аяқ үстінің кеңдігі 8,5 м, аяғының үстіне жүзден аса адам сиып отыра алады. Бұрханның қашалуы нәзік те жатымды, сұлба сызықтары жарасымды, ұлы тұлғасының салыстырмасы ершімді, кескіні айбатты келіп, толысқан Таң мәдениетінің салиқалы да салтанатты үлгісі байқалып тұр. Жұрт осынау дүниедегі құз жартастан ойылған мүсінді көргенде, “Бұдданың өзі бір тау, таудың өзі бір Бұдда екен” -деп қайран қалмайтындары жоқ.