Славяндар
From Wikipedia, the free encyclopedia
Славяндар (укр. слов'яни, болг. славяни, пол. Słowianie) — тайпалар тобы, қазіргі Солтүстік-шығыс, Орталық және Оңтүстік-шығыс Еуропа халықтарының арғы тегі.
Славяндардың шығу тегі, қалыптасуы туралы тарихи деректер археол. қазба ескерткіштер мен Грекия, Рим, Византия авторларының (Үлкен Плиний, Тацит, Птоломей, Иордан, Прокопий Кесарийский, т.б.) және араб авторларының орта ғасырдағы жазбаларына сүйеніп жазылған. Славяндар туралы ежелгі тарихи деректер б.з. 1 — 2 ғ-ларына жатады, ол Балтық түбегі мен Карпат аралығын мекендеген венедтердің есімімен байланысты. Птолемейдің дерегі бойынша 2 ғ-да Венед тайпасының ішінде Суавен дегендер болған. Біраз зерттеушілердің пікіріне қарағанда, бұл тайпа бүкіл славяндар атауы ретінде Оңтүстік Еуропаға тараған. Ал батыс көршілері ұзақ уақыт “венедтер” деген атпен аталған. 7 ғ-дағы араб деректерінде (Әбу Мәлік әл-Ахтал) Славяндар (сакалиба) тұңғыш рет ұшырасады. Славяндардың шығыстағы көршісі скифтер, сарматтар, оңтүстіктете фракийлер мен иллирийлер, батыста кельттер болды. Ежелгі Славяндар отаны мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Польшалық ғалымдар (Т.Лер-Сплавинский, М.Рудницкий) Славяндар Одер мен Висла аралығын, ал басқа зерттеушілер (К.Мошинский, Г.Улашин, Ф.Филин, т.б.) Висланың батыс жағын мекендеген деп көрсетеді. Орыс, поляк, чехословак археологтарының басым көпшілігі славяндар германдар мен балтық халықтары сияқты мал өсіріп, егін еккен тайпалар деген қорытындыға келді. Бұлар б.з.б. 3 — 2-мыңжылдықтарда Қара теңіздің солт. жағалауы, Карпат етегіндегі Орталық, Солтүстік-Шығыс Еуропаны мекен етті. Сол заманнан бастап олар осы өңірлердегі барлық этн. топтардың қалыптасуына ықпал етті. Б.з. 2 — 4 ғ-ларында герман тайпаларының (готтар, гепидтер) оңт-ке қоныс аударуына байланысты Славяндар жері тұтастығынан айырылып, 5 ғ-дың ақырына қарай анттар, склавиндер болып екі топқа бөлінді. 7 — 8 ғ-ларда Балқанға өткен Славяндар бірлестігіндегі драгувиттер, сагудаттар, верзиттер, северлер, т.б. тайпалар Балқан түбегіне қоныс аударды. Славяндар орналасуына қарай батыс (поляк, чех, словак, т.б. халықтардың арғы аталары), шығыс (орыс, украин, белорус), оңт. (болгар, серб, словен, т.б.) болып 3 топқа бөлінді. Олар көрші халықтармен (германдар, балтық халықтары, түркілер, фин-угор тайпалары, т.б.) тұтас мәдени байланыстар орнатты.[1][2]