Уго Чавес
From Wikipedia, the free encyclopedia
Уго Рафаел Чавес Фриас (1954 жылғы шілденің 28 — 5 наурыз, 2013) — Венесуэланың бұрынғы президенті. Боливар революциясының жетекшісі ретінде Чавес демократиялық социализм және Латын Америкасының интеграциясы саясаттарын жүргізеді.[1] Ол сонымен бірге неолиберализм, ғаламдану және АҚШ сыртқы саясатын қатты сынға алатын сыншы.[2]
Кәсіби әскери офицер болып табылатын Чавес 1992 жылы бұрынғы президент Карлос Андрес Переске қарсы бағытталған сәтсіз аяқталған мемлекеттік төңкерістен кейін солшыл «Бесінші республика қозғалысы» атты ұйымның негізін қалады. 1998 жылы Чавес Венесуэла халқының кедей көпшілігіне экономикалық жәрдем беру уәдесімен Президент сайлауында жеңіске жетті. 2000 және 2006 жылдары президент болып қайта сайланды. Ішкі саясатында Чавес бүкіл ел бойынша ауру-сырқау, сауатсыздық, жете тамақтанбау, кедейлік және тағы басқа әлеуметтік кемшіліктермен күрес жүргізетін «Боливар миссиялары» атты науқандарды жүргізуге үлкен назар аударады. Сыртқы саясатында Чавес империализм, қанау секілді құбылыстармен күресіп, дүниенің кедей елдерінің арасында, әсіресе Латын Америкасы елдерінің арасында тығыз ынтымақтастық саясатын жүргізеді.
Чавестің саясатына деген көзқарас Венесуэланың өзінде де, шет елдерде де біркелкі емес. Оның саясатын жойқын сынға алатындар да, қатты мақтап, қолдайтындар да бар. АҚШ-тың федерал үкіметі оның саясатын Латын Америкасындағы демократияға қауіп төндіреді деп санаса,[3] басқалар оның идеологиясына қолдау білдіреді[4] немесе оның өзара сауда және екі жақты ынтымақтастық келісімдерін қуаттайды.[5] 2005 және 2006 жылдары «Тайм» журналы оны «ең ықпалды 100 тұлғаның» тізіміне кіргізді.[6][7]