Шынықтыру
From Wikipedia, the free encyclopedia
Шынықтыру (болатты) (орыс. Закалка) —
- аустенит толық немесе жартылай мартенситке немесе бейнитке түрленуін қамтамасыз ететін жағдайларда аустениттеуге және кейіннен салкындатуға негізделген термиялық өңдеу;
- аустенитгенуден және алынған аустенитті толық немесе жарым-жартылай мартенситке бәлкім бейнитке айналдыруды қамтамасыз ететін жағдайда суытудан тұратын термиялық өңдеу.
Шынықтыру – қыздырылған материалды баяу салқындату кезінде пайда болатын қажетсіз процестерге жол бермеу немесе қыздырылған материалды күрт салқындату арқылы оның жоғары температурадағы күйін сақтауды жүзеге асыру үшін жүргізілетін термиялық өңдеу. Ол заттың төменгі температурадағы тепе-теңдік күйі мен жоғары температурадағы тепе-теңдік күйі арасында айырмашылық болған жағдайда орындалады. Шынықтыру салқындатудың нақты жылдамдығы заттағы қажетсіз процестерді болдырмауға жеткілікті жағдайда ғана тиімді. Шынықтыру нәтижесінде затта түзілген құрылым тек салыстырмалы күйде болады, ал қыздырғанда ол құрылым неғұрлым орнықты күйге ауысады. Көптеген заттарды табиғи жағдайда не арнайы технологиялық әдістермен (металл, олардың қорытпасы, шыны, т.б.) Шынықтыруға болады. Шынықтыру тәсілімен өңделетін материалдардың ішінде болат ерекше орын алады.[1]
Қасиеттері алдын ала белгіленген металды (әсіресе болатты) алу үшін термиялық өңдеу тәсілі пайдаланылады. Қыздыру ерекшеліктеріне орай шынықтырудың толық және толық емес шынықтыру деп аталатын түрлері бар. Толық шынықтыру кезінде болат аустениттік сызықтан жоғары температурада қыздырылып, соңынан тез салқындатылады, яғни болат толығымен аустениттік күйге ауысады. Толық емес шынықтыру кезінде металл феррит пен цементиттің ыдырау темп-расынан жоғары температурада қыздырылады. Салқындатқанда қыздыру кезінде балқымай (ерімей) қалған үстеме фазалар (феррит не цементит және күрделі карбидтер) сақталып қалады. Салқындату ерекшеліктеріне қарай шынықтыру изотермиялық шынықтыру және сатылы шынықтыру, т.б. болып ажыратылады. Болатты изотермалық шынықтыру үшін, оны аустенит (толық шынықтыру) немесе цементит (толық емес шынықтыру) сызықтарынан жоғары температурада қыздырып, феррит-цементит сызықтарынан төмен температураға дейін лезде салқындатады.
Содан кейін аустенит басқа құрылымдық түрлерге (перлит, бейнит) ауысқанша тұрақты температура ұсталады. Осының нәтижесінде болаттың кейбір қасиеттері (қаттылығы, беріктігі) артады. Сатылы шынықтыру кезінде болат мартенситтік түрленуге дейін лезде салқындатылып, оның кез келген қалыңдығында температурада бірдей болғанша теңестіріледі. Соңынан мартенситтік құрылым түзілгенге дейін баяу суытылады. Шынықтырылған металл морт келеді. Сондықтан ол шынықтырудан кейін жасытылады. Жасытылған болаттың қаттылығы сақталады, сонымен бірге оның пластикалылығы жоғары болады. Мұндай болаттар техникада кеңінен пайдаланылады. Таза металдар мен бір фазалы қорытпалардың және сұйықтардың физика-механикалық қасиеттерін өзгерту мақсатында оларды шынықтыруға болады.