Қазақ советтік социалистік республикасы
From Wikipedia, the free encyclopedia
Қазақ советтік социалистік республикасы – энциклопедиялық анықтамалық. 1980 жылы “Қазақ энциклопедиясының” бас редакциясы әзірлеп, баспадан шығарған. 1981 жылы орыс тіліндегі нұсқасы жарық көрді. Бас редакторы М.Қ. Қозыбаев. Кітап Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР ХКК-нің “Қырғыз (қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы” декретінің қазақша мәтінімен ашылып, республиканың мемлекеттік рәміздері – гербі мен туының суреттері, ҚКСР-дің мемлекеттік гимнінің мәтіні, ҚКСР Конституциясының толық мәтіні берілген.
Бұл күрделі еңбек Қазақстанның қоғамдық-мемлекеттік құрылымынан бастап, елдің табиғаты мен қазба байлықтарын, оның көне замандардан бергі тарихын, партия, кеңес, т.б. қоғамдық ұйымдарын, халық шаруашылығының қалыптасу, даму және өркендеу жолдарын, мәдени құрылысы мен ғылымының, әдебиет пен өнерінің қол жеткізген табыстарын жан-жақты талдап, қорытындылаған зерттеу очерктерден құрастырылған. Сонымен қатар республика астанасы – Алматы қаласы мен барлық облыстардың мәдени-шаруашылық өміріне қысқаша шолу жасалады.
Анықтаманың соңында Қазақстан Компартиясы мен ҚКСР-ның жоғарғы басшы органдарының құрамы мен әліппелік ретпен осы кезеңдегі жауапты басшы қызметкерлер өмірлерінен деректер берілген. Республиканың мемлекеттік сыйлықтары мен құрметті атақтары туралы ресми материалдар бар. Кітап түрлі-түсті суреттермен, фотолармен, карталармен, диаграммалармен көркем безендірілген.[1][2]