Қожа
Әли бин әбу Талиб / From Wikipedia, the free encyclopedia
Қожалар (парсы: «хваджа» خواجه - қожайын, мырза, ие) — Орталық Азияда ислам дінін таратуда белсенділік танытқан әулеттер. Қожалар арғы тегі бойынша Мұхаммед пайғамбардан кейінгі халифалар Әбу Бәкр ас Сыдық (632 – 634), Омар (634 – 644), Оспан (644 – 656) және Әли Әбу Талиб (656 – 661) ұрпағы болып есептеледі. 13 ғасырдың 1-жартысында Маулана Сафи ад-дин Орын Қойлақи жазып қалдырған “Насабнама” шежіресінде дін таратушы Ысқақ Баб (Баб Ата), Әбдіжәлил Баб (Абд ал Жалил, Хорасан Ата), Әбдірахим Бабтардың (Абд-ар-Рахим) Орталық Азия аумағына 1366 жылы келгендігі айтылады. Қожалардың қазақ жеріне жаппай көп келуі әсіресе Ақсақ Темір заманынан кейін өте қарқынды жүрген. Оған дейін тіпті Шыңғыс хан заманында да Қожалар қазақ жерінде болғаны жөнінде дерек жоқ. Шыңғыс әскерінің құрамындағы тайпалар тәңір дінін, кей тайпалар христиандықтың да тармағын ұстанған. Мысалы Қожалар қазақ даласына көшпелі тайпалардың көсемі Байдібек би өмір сүрген 6-7 ғасырда келді деген деректер кездеседі. Бұл жалған дерек, себебі, ол заманда Дешті-Қыпшақ даласында қожалар да, исламда болмаған. Түркі даласына келген қожалар орта ғасырларда сопылықты ұстанды. Әли Әбу Тәліптің арабтың халифа тайпасынан алған әйелі Хауладан туған имам Мұхаммед ибн ал-Ханафидан тарайтын қожалар әулеті Қожа Ахмет Иасауи тариқатының өкілдері болып табылады. Осы тариқаттағы қожалар Алтын Орда мемлекеті дәуірінен бастап, қазақ халқының рулық, тайпалық, жүздік құрылымдарының пірлеріне айналды. Қожа - парсы тілінен енген бұл сөзбен Орталық Азияда төмендегі топтарды атаған.
- Мұхаммед пайғамбардың және төрт халифасынан тараған ұрпақтар.
- Жергілікті халыққа Ислам дінін уағыздаған, дін жолында білім берген тұлғалар және олардың ұрпақтары.
- Атақты Нақшбанди сопы ұстазы Ахмад Касанидің (1461-1542) ұрпақтары аталады. Қожалар Шынжаңдағы ұйғыр әлеуметінің арасында жетекшілік атқарып келген. Махдум-и-азам (ұлы ие) деген жанама атпен де белгілі Ахмад Касанидің өзі шығыс Түркістанда ешқашан болмаса да, оның «махдумзадалар» деп аталып, «қожа» атағына ие ұрпақтары 17-19 ғасырларда сол аймақтың саясатында маңызды роль атқарған.