Бекіретәрізділер
From Wikipedia, the free encyclopedia
Remove ads
Бекіре тәрізділер (лат. Acіpenserіformes) — сүйекті балықтардың шеміршекті-сүйекті балықтар класс тармағына жататын отряды. Бекіре тәрізділер — мезозой эрасының юра кезеңінде пайда болған балықтардың ежелгі тобы. Олардың 2 тұқымдасы (бекірелер, ескектұмсықтылар), 4 туысы, 25 түрі (оның ішінде Сырдария тасбекіресі, Арал бекіресі Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген) бар. Бекіре тәрізділер Солтүстік Американың Миссисипи, Мисcури өзендерінде, Еуропаның Азов, Қара, Каспий, Балтық теңіздерінің алаптарында, Азияның солтүстік бөлігінде, ал Қазақстанда Каспий, Арал, Балқаш алаптарында, Ертіс өзенінде таралған. Бекіре тәрізділердің кейбір белгілері (тұмсығы, су шашқыш саңлауы, тоқ ішегіндегі иір қатпарлар, үстіңгі құйрық қанаттары, т.б.) шеміршекті балықтарға ұқсас, денесінде ұзына бойы орналасқан 5 қатар мүйізді шытырасы, тұмсығының астында көлденеңінен орналасқан 4 мұртшасы болады. Бекіре тәрізділердің денесі ұршық пішінді, кейбірі арқасынан құрсағына қарай жалпақтау, денесінің ұзындығы 27 см-ден 7 — 9 м-ге, салмағы 2 кг-нан 1 — 2 тоннаға (қортпаларда) дейін жетеді. Олар тұщы суда, ал кей түрі теңіздің ащы суында тіршілік етеді. Уылдырығын өзеннің тасты, құмды жеріне шашып, теңізге қайтып оралады. Торсылдағы жақсы жетілген, желбезек қақпағы бар, сырттай ұрықтанады. Бекіре тәрізділер шаян тәрізділермен, моллюскілермен, ұсақ балықтармен қоректенеді. Бекіре тәрізділер — өте бағалы балық болғандықтан, кәсіптік маңызы зор. Олар дәмді еті мен уылдырығы үшін ауланады. Батыс Қазақстанда, Жайықтың бойында бекіре балықтарының шабағын өсіретін екі зауыт бар.[2]

Remove ads
Дереккөздер
Wikiwand - on
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Remove ads