Балқарағай
From Wikipedia, the free encyclopedia
Балқарағай (лат. Lárix) — қарағай тұқымдасына жататын қылқан жапырақты биік ағаш. Қазақстанда Алтайда, Тарбағатай және Сауыр тауларында өсетін бір ғана түрі — Сібір Балқарағайы (Lárix sіbіrіca) бар. Оның биіктігі 30 м-дей, діңінің диаметрі 175 см-ге жетеді. Ине тәрізді жіңішке, жұмсақ қылқан жапырақтарының ұзындығы 3–4 см, ені 1–1,5 мм, қыста түсіп қалады. Сібір Балқарағайы — қос жынысты, бір үйлі өсімдік. Аталық бүрі сопақша шар тәрізді, ақшыл, сары түсті. Ол жапырақсыз қысқа өркенде өніп, жетіледі. Аналық бүрі ұзынша қызыл, қызғылт, жасыл түсті, негізгі діңінде пайда болады. Жел арқылы тозаңданады. Мамыр-маусым айларында гүлдейді. Тамыз-қыркүйекте жемісі бүрімен қатар піседі. Дәні сарғыштау, күңгірт жолақты болады. 15–20 жылдан кейін жеміс бере бастайды, 300–500 жыл жасайды. Сібір Балқарағайы тез өсетін, жарық сүйгіш, суыққа, ыстыққа, күшті желге төзімді болғандықтан Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлерінде екпе орман ағашы ретінде өсіріледі. Оның сүрегінен қағаз және спирт, қабығынан илік зат, бояу, ал қылқанынан бағалы эфир майы алынады.[1]