Музыкатану
From Wikipedia, the free encyclopedia
Музыкатану — музыка туралы ғылым, өнертанудың бір саласы. Музыкатанудың салаларына музыка теориясы (теориялық музыкатану), музыка тарихы, музыкалық этнография, музыкалық аспапты зерттеу ғылымы, музыкалық акустика, музыкалық психология және музыка сыны жатады. 20 ғасырдың 60 – 70 ж. музыканың қоғамдағы түрлерін зерттейтін ерекше пән ретінде музыкалық социология бөлінді. Теориялық музыкатану музыканың бейнелеу тәсілдерін, даму процесінде қалыптасқан негізгі заңдылықтарын, композициялық әдістерін зерттесе, музыкалық гармония, полифония, әуен, ырғақ, өлшем, аспаптану, форма сияқты, т.б. пәндер музыканың жеке элементтерін зерттейді. Тарихи музыкатанудың мақсаты – музыка өнерінің даму кезеңдерін музыканың түрлі салаларымен, қоғам өмірінің өзгерістерімен байланыстыра отырып зерттеу. Музыка тарихы музыкалық шығармашылықтың құбылыстарын зертеуде музыкалық-теориялық талдаудың нәтижелеріне сүйенеді. Сонымен қатар зерттелетін құбылыстың тарихи шарттылығын ескермейінше теориялық музыкатану қорытындылары толық және ғылыми дәлелді болмайды. Музыка тарихы музыканың жалпы тарихымен қатар жеке ұлттардың музыка тарихын, музыкадағы жанр мен форма (мысалы, опера, симфония, соната), орындаушылық өнер түрлерін (пианизм, скрипкалық өнер), музыкатанудың жеке салаларының (мысалы, гармония жайындағы ілімнің тарихы) тарихын қамтиды. Музыкатанудың маңызды салаларының бірі – ‘‘музыка сыны’’. Ол қазіргі замандағы музыка өнерімен қатар өткен заман музыкасындағы құбылыстарды да талдап, бағалайды. Музыкаға ғылыми тұрғыдан қараудың алғашқы көріністері Қытай, Үндістан, Грекия, т.б. елдерде пайда болды. Гректің көрнекті музыка теоретигі Аристоксеннің (Аристотельдің шәкірті, б.з.б. 4 ғ.) музыка құбылысын қарастырған еңбектері бар. Римнің философ-ғалымы Боэцийдің “Музыка жайында” (6 ғ.) атты трактаты орта ғасырдағы музыка теориясының дамуына әсер етті.