Қорғалжын ауданы
From Wikipedia, the free encyclopedia
Remove ads
Қорғалжын ауданы — Ақмола облысындағы әкімшілік бөлік. 1928 жылы құрылған. Орталығы – Қорғалжын ауылы.
Remove ads
Географиялық орны, жер бедері
Солтүстігінде Егіндікөл, Астрахан аудандарымен, шығысында Целиноград ауданымен, оңтүстігінде Қарағанды облысының Нұра ауданымен шектеседі. Аудан негізінен Теңіз-Қорғалжын ойысында орналасқан. Жер бедері сәл белесті жазық.
Тарихы
Қорғалжын ауданы 1928 жылы Ақмола округінің құрамында бұрынғы Қоңқор-Қорғалжын, Қорғалжын, Соналы, Жақсыкөң, Сарыөзен болыстары мен Қарақойын болысының бір бөлігінен құрылған (03.09.1928 жылғы БОАК Қаулысы).
Аудан құрылған уақытта жер аумағы 34 030 шаршы шақырымды құраған. 1930 жылы мұнда 11 ауылдық кеңес, онда 327 ауыл-қыстау, 3 шағын орыс ауылдары (оның ішінде 1907 жылы құрылған Сабынды хуторы) болған. Сол жылы ауданда 17 мектеп, 73 сауатсыздықты жою пункті, 3 оқу үйі (изба-читальня), 1 политмектеп жұмыс жасаған.
1932 жылы 20 ақпанда Қарағанды облысы құрылды. Оның құрамына 23 аудан, оның ішінде Қорғалжын ауданы да енді. 1941 жылы тұрғындардың өтінішімен аудан Ақмола облысының құрамына беріледі. Сол уақытта ауданда 13 мың адам тұрған және 1933 шаруашылық біріккен 32 ұжымшар болған.
Бұл жылдары халық арасында сауатсыздықты жою негізінен аяқталған болатын. 28 мектеп, оның ішінде 1 орта, 4 орталау, 23 бастауыш мектеп жұмыс істеген. Оларда 1693 оқушы оқыған. Ауданда 14 орындық бір аурухана, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт қызмет еткен. 4 балабақша, қонақүй мен 10 кісілік монша да болған.
1954 жылы 290 мың гектар жаңа жер игеріліп, 7 кеңшар құрылды: Абай атындағы, Армавирский, Полтавский, Буревестник және Ушаков атындағы. Онда 3 мыңға жуық жаңа қоныстанушылар келді.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының 1970 жылғы 4 желтоқсандағы Жарлығымен облыста Краснознамен ауданының құрылуына орай Қорғалжын ауданының Абай атындағы, Армавирский, Буревестник, Калинин атындағы, Коммуна, Краснознаменский, Ушаков атындағы (бұрын Астрахан ауданына берілген «Полтавский» кеңшары), яғни барлық тың кеңшарлары жаңа Краснознамен ауданына беріледі.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Жарлығымен 1977 жылы 5 ақпанда облыс құрамында Қорғалжын ауданының бір бөлігінен Теңіз ауданы (кейін Қарағанды облысына берілген) құрылады. Жаңа ауданға 11554 халқы бар Аршаты, Баршын, ХХII партсъезд атындағы, Сарыөзен, Соналы, Талдысай кеңшарлары беріледі.[4]
Remove ads
Климаты
Климаты континенттік. Қысы ұзақ (қар 180 күндей жатады, қалыңдығы 20 сантиметрдей), боранды (20 күндей), суық. Қаңтар айының орташа температурасы –17 – 18 градус. Жазы қоңыржай ыстық, қуаң (50 күндей). Шілде айының орташа температурасы 20 – 21 градус. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 250 – 300 миллиметр. Аудан жері арқылы Нұра, Құланөтпес өзендері ағып өтеді. Көлдер өте көп: негізгілері – Қорғалжын, Теңіз, Қоқай, Асаубалық, Сұлтанкелді, Есей, Шолақшалқар, Жәнібекшалқар, Шишалқор, Қарасор, Құмкөл, Алакөл, т.б.
Топырағы, өсімдігі мен жануарлар дүниесі
Топырағы қоңыр, күңгірт қоңыр, Нұраның аңғары қара топырақты. Аудан жерінде жабайы шошқа, қоңыр түлкі, қарсақ, борсық, қоян, күзен, ақ тышқан, қосаяқ, су тышқаны, ондатра; құстардан: қоқиқаз, қаз, үйрек, аққу, аққұтан, қызғыш, т.б. көптеген су құстары мекендейді. Көлдерінде мөңке, алабұға, оңғақ, лақа, торта, шортан, аққайран кездеседі. Аудан аумағында мемлекеттік Қорғалжын қорығы орналасқан.
Халқы
Тұрғындар саны 8815 адам (2019). Ұлттық құрамы: қазақтар (87,90%) , орыстар (6,95%) , украиндар (1,78%) , беларустар (0,56%) , немістер (1,17%) , басқалары (1,64%)[7][8]
Халқының орташа тығыздығы 1 км²-ге 1,4 адамнан келеді.
Әкімшілік бөлінісі
Аудан аумағындағы 18 елді мекен 8 ауылдық әкімшілік округке біріктірілген:
Remove ads
Ірі елді мекендері
Шаруашылығы, инфрақұрылымы
Ауданда май зауыты, сүт цехы, диірмен, наубайхана, тұрмыстық комбинат, құрылыс, автокөлік мекемелері, типография, астық пункті, т.б. бар. Аудандағы 17 ЖШС, 184 шаруа қожалығы, 3 тағам өңдейтін кәсіпорын, 88 сауда орындары халыққа түрлі салада қызмет көрсетеді. Ауыл шаруашылық жері 656,5 мың гектар, оның 46,1 мың гектары егіндік, 28,2 мың гектары шабындық, 382,8 мың гектары жайылым, 199,5 мың гектары тыңайған жер. 2001 жылы 8,5 мың сиыр, 4,2 мың қой мен ешкі, 3,6 мың жылқы, 0,6 мың шошқа, 12,6 мың құс болды. Оқу, білім беру және мәдениет салаларында мектепке дейінгі 8 балалар мекемесі, 5 бастауыш, 8 орталау, 11 орта мектеп, 33 кітапхана, халық театры, мұражай, 22 клуб, 3 мәдениет үйі бар. Денсаулық сақтау және емдеу мекемелерінен аудан аурухана, 5 отбасылық-дәрігерлік амбулатория, 13 фельдшер-акушерлік пункт болды. Аудан “Шамшырақ нұры” (1934 жылдан), “Свет маяка” (1957 жылдан) газеттері шығарылады.
Remove ads
Дереккөздер
Wikiwand - on
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Remove ads