1918 жылы қаңтарда өткен жұмысшы, солдат және шаруа кеңестерінің (бұдан әрі кеңестер деп аталады) біріккен съезінде “Еңбекші және қаналған халықтардың декларациясы” жарияланды. Езілген ұлттарға өз республикаларын құруға мүмкіндік берілді. 1918 жылы 4 – 10 шілдедегі Кеңестердің 5-Бүкілресей съезінде Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының (РКФСР) тұңғыш конституциясы қабылданды. 1919 жылының наурызында мемл. билік басындағы Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясының РК(б)П жаңа бағдарламасы қабылданып, елде социализм орнату жолдары белгіленді. Бағдарламаға сәйкес ішкі және сыртқы контрреволюциямен күресу үшін 1919 жылы маусымда Ресей, Украина, Белоруссиядағы кеңестер билігін (қ. Кеңес үкіметі) жақтайтын мемл. органдардың әскери, саяси, шаруашылық одағы қалыптасты. 1918 жылының 30 сәуірінде Түркістан Кеңестік Федеративтік Республикасы, 1920 жылы 26 сәуірде Хорезм Халық Кеңес Республикасы, 1920 жылы 8 қазанда Бұхара Халық Кеңес Республикасы, 1920 жылы 4 қазанда Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы (Қазақ АКСР-і) құрылды.
Қызыл армияның Кавказға жорығы нәтижесінде ондағы ұлттық үкіметтер құлатылып, Әзірбайжан Кеңестік Социалистік Республикасы (28.04.1920), Армян Кеңестік Социалистік Республикасы (29.11.1920), Грузин Кеңестік Социалистік Республикасы (25.02.1921) жарияланды. 1922 ж. 12 наурызда осы үш республика бір федеративтік одаққа Күнгей Кавказ Социалистік Федеративтік Кеңестік Республикасы болып бірікті. Ресей мен Жапония арасында болуы ықтимал әскери қақтығыстың алдын алу және ақ гвардияшыларды, интервенцияны жоюға жағдай туғызу мақсатында 6.4.1920 ж. жарияланған Қиыр Шығыс Республикасы, алға қойылған мақсат орындалған соң, 15.11.1922 ж. ВЦИК декретімен барша жері РКФСР-ге оның құрамдас бөлігі ретінде қосылды. 1922 жылдың ортасына таман бұрынғы Ресей империясының барлық жерінде дерлік кеңестер билігі орнады.
Мемл. құрылымды одан әрі жетілдіру үшін, билік басындағы коммунистер (большевиктер) партиясының жетекшісі Владимир Ильич Лениннің жоспары бойынша, кеңестік республикалардың одағын құру керек болды. Жаңа одаққа кіретін республикалар тәуелсіз және тең құқылы болып саналды. РКФСР, УКСР, БКСР, ККСФКР Кеңестерінің кезекті съездері одаққа бірігуді жақтап дауыс берді.
Осыны негізге ала отырып, 1922 жылы 30 желтоқсанда шақырылған аталған төрт республика кеңестері өкілдерінің 1-съезі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын құру жөнінде Декларация қабылдады. Декларацияда КСРО-ға кіру теңқұқылық пен еріктілік негізінде жүзеге асырылады және Одақтан өз еркімен шығу құқы сақталады, әрі басқа да жаңадан құрылған республикалар одаққа өз еркімен кіре алады деп көрсетілді. Съезд КСРО-ны құру жөніндегі келісімшартты бекітті. Одақтың жоғарғы органын – КСРО Орталық Атқару Комитетін сайлады. ОАК-нің тең төрағалары болып Михаил Калинин, Григорий Петровский, Нариман Нариманов, Александр Червяков сайланды. ОАК-нің 2-сессиясында Кеңес Одағының үкіметі – Владимир Ленин бастаған КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі құрылды. 1924 жылы 31 қаңтарда 2-Кеңестер съезі КСРО-ның алғашқы Конституциясын бекітті. 20 ғ-дың 20-жылдарының бас кезінен бастап, әсіресе, Ленин қайтыс болғаннан кейін, Кеңес Одағында билік үшін талас-тартыс басталды. Бұл күресте Иосиф Сталин жеңіске жетті де, елде өзінің авторитарлық жеке билігін орната бастады. 1925 жылы Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасы (Өзбек КСР-і) және Түрікмен Кеңестік Социалистік Республикасы (Түрікмен КСР-і) құрылды. 20 ғасырдың 20-жылдарының ортасынан бастап Кеңес Одағы жаңа экономикалық саясаттан бас тартып, елді күшпен индустриализациялау және ауыл шаруашылығын күшпен ұжымдастыру саясатын жүргізді. Коммунистік партия мемлекеттік билікті толық қолына алды.
Елде қатты орталықтандырылған әрі милитаризацияланған тоталитарлық режим орнады. Бұл жүйе елді жедел түрде модернизациялауға және басқа мемлекеттердегі революциялық қозғалыстарды қолдауға қызмет етті. Ауыл шаруашылығында шаруаларды зорлықпен ұжымдастыру және ұсақ меншік иелерін (кулактарды, орта шаруаларды, ауыл байларын, т.б.) тәркілеу халықты жаппай ашаршылыққа ұшыратты. Оған қоса зорлықпен отырықшыландырылған украин (Холодомор) және қазақ шаруалары (қазақ ашаршылығы) айрықша қатты шығынға ұшырады. Бұл халықтың жаппай наразылығын туғызып, жер-жерде шаруалар көтерілістері басталды. Бірақ оларды үкімет әскерлері күшпен басып тастады. 1929 жылы КСРО халық шаруашылығын дамытудың 1-ші бесжылдық жоспары жасалды. 1934 жылы алғашқы бесжылдық жоспарды мезгілінен бұрын орындау қорытындылары қаралып, 2-бесжылдық жоспар жасалды.
Екі бесжылдық нәтижесінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша КСРО Еуропада 1-орынға, әлемде (АҚШ-тан кейін) екінші орынға шықты. 1934 жылдың соңында КСРО бойынша жаппай саяси қуғын-сүргін басталды.
Көптеген партия, мемлекет, қоғам, әскери, мәдениет қайраткерлері атылып кетті, миллиондаған тұтқындарды тегін жұмыс істету үшін еңбек лагерлері құрылды (қ. ГУЛАГ).
1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО-ның екінші Конституциясы қабылданып, бұрынғы ЗКФСР-дан бөлінген Әзірбайжан Кеңестік Социалистік Республикасы (Әзірбайжан КСР-і), Армения Кеңестік Социалистік Республикасы (Армения КСР-і), Грузия Кеңестік Социалистік Республикасы (Грузия КСР-і), РКФСР-ден бөлінген Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы (Қазақ КСР-і), Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикасы (Қырғыз КСР-і) құрылып, Кеңес Одағындағы одақтас республикалар саны көбейді. 20 ғ-дың 30-жылдарының аяқ кезінде елдің сыртқы саясатында үлкен өзгерістер болды. 1939 жылы кеңес-герман келісімшарты жасалынып, ол бойынша КСРО құрамына Батыс Украина мен Батыс Белоруссия, 1940 жылы Балтық теңізі жағалауы елдері, Бессарабия, Солтүстік Буковина зорлықпен қосылды. Осының негізінде 1940 жылы Молдовия Кеңестік Социалистік Республикасы (Молдован КСР-і), Латвия Кеңестік Социалистік Республикасы (Латвия КСР-і), Литва Кеңестік Социалистік Республикасы (Литва КСР-і), Эстон Кеңестік Социалистік Республикасы (Эстон КСР-і) құрылып, Кеңес Одағы құрайтын одақтас республикалар саны 15-ке жетті. 1941 жылы жазда КСРО Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты (қ. Ұлы Отан соғысы).
Соғыс кезінде тұтас халықтар (балкарлар, шешендер, қалмақтар, қырым татарлары, қарашайлар, месхет түріктері, немістер, т.б.) Қазақстанға, Орта Азияға, Сібірге жер аударылды. Соғыс аяқталғаннан кейін КСРО-ға Оңтүстік Сахалин, Курил аралдары, Петсамо (Печенга) ауданы, Клайпеда, Көнигсберг (Калининград), т.б. территориялар қосылды. Соғыстан кейінгі жылдары саяси қуғын-сүргін қайтадан басталды (космополиттермен күрес, “Ленинград ісі”, “дәрігерлер ісі”, т.б.). Соғыс кезіндегі бұрынғы одақтастармен (АҚШ, Ұлыбритания, Франция) арада бәсеке күшейіп, “қырғи-қабақ соғыс” ахуалы қалыптаса бастады. Әлемде екі жүйе (социалистік елдер мен капиталистік елдер) пайда болып, жанталаса қарулану күшейіп кетті.
1949 жылы Семей полигонында КСРО-да тұңғыш атом қаруы сыналды. 1953 жылы көктемде Сталин өліп, үкімет билігі үшін тартыс қайта басталды. Үкімет басына келген Никита Хрущёв партияның 20-съезінде (1956) Сталиннің жеке басына табынудың зардаптары жөнінде баяндама жасады. Саяси қуғын-сүргін құрбандары ақтала бастады. Қудалауға ұшыраған халықтардың РКФСР құрамындағы автономиялық құрылымдары қалпына келтірілді. Кеңес Одағы құрамында жоғарыда аталған 15 одақтас республикалардан өзге 20 автономиялық республика, 8 автономиялық облыс, 10 ұлттық округ болды. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөлінді. Қазақстан мен Батыс Сібірде тың және тыңайған жерді игеру қолға алынды. 1954 жылы алғашқы атом электрстанциясы салынды, 1957 жылы Жердің жасанды серігі ұшырылды, 1961 жылы адам тұңғыш рет ғарышқа ұшырылды. Бірақ бұл жұмыстардың барлығы тоталитарлық жүйе тәртібімен жүргізілгендіктен, ішкі қайшылықтары көп болды. Орыстандыру саясатының күшеюіне қарсылық ретінде ұлт республикаларында наразылықтар бой көрсетті. 1964 жылы Хрущёв орнынан түсіріліп, билікке Леонид Брежнев келді. Жаңа үкімет басшысы жүргізген реформалар ақырына дейін жеткізілмей, сәтсіздікке ұшырады.
Экономика экстенсивті жолмен дамыды, елді милитаризациялау әрі қарай жалғасты. Көрші социалистік елдерде реформа жасау әрекеттері – Мажарстан (1956) мен Чехословакияға (1968) қарулы әскер кіргізу арқылы басып тасталды. 1979 жылы Ауғанстанға Кеңес Одағы әскерлері кіргізілді. Жанталаса қарулану одан әрі шегіне жетті. 1977 жылы қабылданған КСРО-ның үшінші Конституциясы елдің қоғамдық-саяси өміріне, әлеуметтік-шаруашылық тұрғыда дамуына серпін бере алмады. 1980 жылдың бас кезінде Кеңес Одағы экономикалық тоқырауға ұшырады.
1985 жылы билікке Михаил Горбачев келуімен бірге елде саяси-экономикалық реформалар басталды. Кеңес жүйесін реформалауға тырысу КСРО-ны дағдарысты жағдайға алып келді. Халықтың саяси белсенділігі бірден көтеріліп, ұлттық партиялар мен қозғалыстар пайда болды. Қазақстанда (қ. Желтоқсан көтерілісі), Балтық теңізі жағалауы елдерінде, Кавказ республикаларында халықтың жаппай бас көтерулері болып өтті. Экономика тұралап қалды, шахтерлердің, кеншілердің, мұғалімдер мен студенттердің, дәрігерлердің үкіметтің саясатына қарсы ереуілдері басталды. Кертартпа күштердің 1991 жылы тамызда мемл. төңкеріс жасау әрекеттері сәтсіздікке ұшырады. Кеңес Одағының бұдан әрі өмір сүруі мүмкін болмай қалды.
1991 жылы желтоқсанда Минск қаласында КСРО-ның бастапқы құрылтайшылары болған одақтас республикалар Беларусь, Ресей, Украина басшылары өздерінің КСРО-ны тарататындықтарын жариялады (қ. Беловеж келісімі). Сөйтіп, КСРО өзінің өмір сүруін тоқтатты. 1991 жылы 21 желтоқсанда бұрынғы КСРО республикалары Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан, Украина Алматы қаласында өздерінің Тәуелсіз мемлекеттер Достастығын құратындықтары жөніндегі декларацияға қол қойды.[2]